АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 11-турында «Атырау» мен «Астана» матчының нәтижесі белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Елордалық клуб биыл турнир кестесінде жеке-дара көш бастап келеді.
Ал атыраулық команда соңғы төрт кездесудің үшеуінде жеңіске жетті. Нәтижесінде турнир кестесінде алдыңғы алтылыққа орнықты.
Ойынның бірінші кезеңінде есеп ашылған жоқ. Командалар бір-бірінің қақпасына шабуыл ұйымдастырды. Соған қарамастан таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ.
Кездесуде 0:0 есебі тіркелді.
Айта кетсек, атыраулық клуб аталған қарсыласын 2016 жылдан бері жеңе алмай келеді.
Еске салайық, 27 мамырда «Мақтарал» «Қайратты» 3:1, «Ақсу» «Жетісуды» 2:1 есебімен тізе бүктірсе, «Каспий» мен «Шахтер» кездесуінде 1:1 есебімен тең түсті.
Ал сырт алаңда «Тобыл» «Оқжетпесті» - 2:1, «Ордабасы» «Қызылжарды» 1:0 есебімен сүріндірді.
Енді бүгін, 28 мамырда «Қайсар» (Қызылорда) мен «Ақтөбе» жасыл алаңға шығады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.