Футбол: «Атырау» өз алаңында «Шахтерден» басым түсті
Атыраулық клуб соңғы үш турда жақсы ойын өрнегін көрсетіп келеді. Екі мәрте жеңіске жетіп, бір мәрте тең ойнады. Нәтижесінде турнир кестесіндегі жағдайын жақсартып алды.
Бүгінгі кездесуде қарағандылық клубтан Тимур Чогадзе 16-минутта есеп ашты. Оған «Атырау» сапынан Нгугнгуси Эффионг 23-минутта бір голмен жауап қайырды.
Ойынның 64-минутында алаң иелері сапынан Оралхан Өміртаев жеңіс голын соғып кетті.
Осылайша «Атырау» қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсті.
Дәл қазір «Мақтарал» (Түркістан облысы) мен «Ордабасы» (Шымкент) шеберлік байқасып жатыр. Әзірге 4-минутта Асхат Тағыберген соққан жалғыз голмен «Ордабасы» командасы 1:0 есебімен жеңуде.
Сондай-ақ, 14 мамырда «Оқжетпес» (Көкшетау) пен «Астана» ойнаса, «Қайрат» (Алматы) пен «Ақтөбе», «Қайсар» (Қызылорда) мен «Тобыл» (Қостанай) командалары ойнайды.
Ал бұған дейін Павлодар облысының «Ақсуы» Ақтаудың «Каспийіне» 0:1 есебімен жол берсе, дәл сондай есеппен Петропавлдың «Қызылжары» өз алаңында Талдықорғанның «Жетісуын» тізе бүктірді.