НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан 2020/21 жылғы кезеңдегі Ұлттар лигасы ойындары қай уақытта басталатыны белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі UEFA сайтына сілтеме жасап.
Аталған дода қыркүйек-қараша айлары аралығында өткізіледі. Бірінші тур 3-5 қыркүйекте болса, екінші тур 6-8 қыркүйекте ойналады. Құрамалар 10-12 қазанда үшінші, 13-14 қазанда төртінші турда шеберлік байқасады. Ал бесінші тур 14-15, алтыншы тур 17-18 қарашада болады.
Естеріңізге сала кетелік, Қазақстан құрамасы аталған турнирде С лигасының төртінші тобында сынға түседі. Қарсыластары - Албания, Беларусь және Литва құрамалары.
Қазақстандық футболшылар 2018/19 Ұлттар лигасында Д лигасының бірінші тобында Грузия, Латвия және Андорра құрамаларымен шеберлік байқасты. Өз тобында Грузияны алға шығарып, екінші орынды місе тұтты.
Бұдан бұрын футболдан Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасы финалдық кезеңі қалай өткізілетіні хабарланды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.