ФУТБОЛ: Бразилия құрамасының бас бапкері болған Сколари басқа қызметке тағайындалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бразилия ұлттық құрамасының бұрынғы жетекшісі Луис Фелипе Сколари 'Гремио' футбол клубының бас бапкері болып тағайындалды.

Бұл туралы бразилиялық "Гремио" баспасөз қызметінен хабарлады, деп жазады ИТАР-ТАСС.

Айта кетейік, Сколаридің Бразилия жаттықтырушысы қызметінен кететіні футболдан биылғы әлем чемпионатының жартылай финалында ұлттық құрама Германия командасынан 1:7 есебімен ойсырай жеңілгеннен кейін белгілі болды. Аталмыш команда үшінші орын үшін болған ойында да нидерландықтардан 0:3 есебімен ұтылып қалды.

Бұдан бұрын Сколари Бразилия құрамасын 2001-2002 жылдары басқарған. Ол жетекшілік еткен команда 2002 жылы Жапония мен Оңтүстік Кореяда өткен ӘЧ жеңіске жеткен еді. Сондай-ақ ол бразилиялық ССА, "Жувентуде", "Бразил де Пелотас", "Гремио Бразил", "Гремио", "Гояс", "Крисиума", "Палмейрас" және "Крузейро" командаларына жетекшілік етті. "Әл-Шабаб" (Сауд Арабиясы), "әл-Кадисия" (Кувейт), "Джубило Ивата" (Жапония), "Челси" (Англия), "Бунедкор" (Өзбекстан) клубтарын да жаттықтырды.