НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - UEFA ресми сайты Чемпиондар лигасы тарихында оған қатысқан барлық команданың рейтингісін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Рейтингіге іріктеу кезеңі мен финалдық сатысындағы барлық ойындар көрсеткіші негізге алынды. Тізімде 600 ұпаймен Испанияның «Реал Мадрид» командасы көш бастап тұрса, одан кейінгі орындарда Германияның «Бавария» (476 ұпай) және Испанияның «Барселона» (447 ұпай) клубтары тұр.
Бұл тізімге барлығы 7 қазақстандық команда кіреді. Олардың арасында аталған турнирде бес мәрте бақ сынап, барлығы 30 ойын (11 жеңіс, 10 тең ойын, 9 жеңіліс) өткізген «Астана» 32 ұпаймен 106-орынға жайғасқан. Ал 18 ұпай еншілеген «Ақтөбе» - 142, 9 ұпайы бар Қарағандының «Шахтері» - 226, 2 ұпайы бар «Астана-1964» (бұрынғы «Жеңіс») - 297 орында тұр. Ал Алматының «Қайраты» - 371, Павлодардың «Ертісі» - 420, Қостанайдың «Тобылы» 430-орынға табан тіреді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.