11:28, 16 Сәуір 2009
Футбол: Чемпиондар лигасының екінші жартылай финалында «Манчестер Юнайтед» пен «Арсенал» кездеседі
АСТАНА. Сәуірдің 16-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Футболдан Еуропа чемпиондары лигасының екінші жартылай финалдық жұбы анықталды.
Олар англиялық клубтар - «Манчестер Юнайтед» пен «Арсенал», деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Манчестер Юнайтед» бұл кезеңге ширек финалда қос ойынның қорытындысы бойынша Португалияның «Порту», ал «Арсенал» Испанияның «Вильяреал» командасын жеңіп шықты. Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Еуропа чемпиондары лигасының бірінші жартылай финалдық ойынында Испанияның «Барселона» және Англияның «Челси» командалары кездеседі. Жартылай финалдық ойындар сәуірдің 28-29-ы күндері, ал қарымта кездесулер мамырдың 5-6-сы күндері өтетін болады. Чемпиондар лигасының финалы мамырдың 27-сі күні Римдегі «Стадио Олимпико» стадионында өтеді. Айта кетейік, былтырғы маусымда финалда «Челсиді» жеңген «Манчестер Юнайтед» Еуропаның ең мықты командасы атанған болатын.