Футбол: Чемпиондары лигасының финалына «Манчестер Юнайтед» пен «Барселона» кездеседі

АСТАНА. Мамырдың 7-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Футболдан Еуропа чемпиондары лигасының финалына Англияның «Манчестер Юнайтед» және Испанияның «Барселона» командалары кездеседі,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, «Манчестер Юнайтед» ақтық сынға екі ойынның қорытындысы бойынша англиялық екінші бір клуб «Арсеналды» ұтып шыққан болатын. Ал Барселона болса, үшінші бір англиялық клуб «Челсиден» айласын асырды. Бұл командалар арасындағы Испанияда болған бірінші кездесу 0:0 есебімен тең аяқталғандықтан, мықтыны клубтар кеше Англияда өткен қарымта ойында анықтады. Ойын 1:1 есебімен тең аяқталғанымен, сырт алаңда соққан голының арқасында «Барселона» ақтық сынға шықты. Финал мамырдың 27-сі күні Римдегі «Стадио Олимпико» стадионында өтеді. Айта кетейік, былтырғы маусымда «Манчестер Юнайтед» Еуропаның ең мықты командасы атанған болатын. Енді олар бұл атағын қорғауға тырысатын болады. Әзірге бірде-бір клуб Еуропа чемпиондары лигасының кубогын қатарынан екі мәрте жеңіп алған жоқ.