Футбол: Ел чемпионы «Тобыл» «Ақжайықтан басым түсті

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Футболдан Қазақстан чемпионатының алғашқы турында Қостанайда жергілікті «Тобыл» мен Оралдың «Ақжайығы» алаңға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өткен жылы қостанайлықтар үздік өнер көрсетіп, ел чемпионы атанса, биыл суперкубокты да ұтып алған еді.

«Ақжайық» тоғызыншы орынға табан тіреген болатын.

Жаңа маусымда қос команда құрамында біраз өзгерістер болды.

Бірінші тайм ортасында «Ақжайыққа» Қарағандының «Шахтерінен» ауысып келген Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы Оралхан Өміртаев жарақат алды да, орнына украиналық легионер Игорь Карпенко шықты.

Алаң иелерінің басымдылығымен өткенімен, алғашқы таймда есеп ашылған жоқ.

Матчтың екінші кезеңінде бұрыштамадан кейін қостанайлық Александр Марочкин бағыттаған доп қақпа маңдайшасынан кері қайтты. 78-минутта «Тобылдың» капитаны Асхат Тағыберген тепкен допты «Ақжайықтың» қақпашысы, украиналық Константин Махновский қайтарғанымен, өзбекстандық Игорь Сергеев бірінші болып жетіп, есеп ашты – 1:0.

Бұдан кейін оралдықтарды жаттықтыратын украиналық маман Владимир Мазяр бірнеше ойыншыны тыңнан қосқанымен, одан ештеңе өзгерген жоқ.

Бүгін ел чемпионатының алғашқы туры аясында өткен жылғы қола жүлдегер «Қайрат» Алматыда «Ақтөбені» 2:0 есебімен тізе бүктірді. Қос голды да екінші таймда алаңға шыққан Хосе Канте соқты.

Осылайша «Қайрат» турнир кестесінде доп айырмасымен көш бастады.

Екінші турда «Тобыл» 11 наурызда Ақтауда «Каспиймен» шеберлік байқасса, «Ақжайық» өз алаңында Түркістанның «Тұранын» қабылдайды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайыққа» жаңадан төрт ойыншы алынғанын жазған болатынбыз.