«Краснодар» командасы 40 ұпаймен осыған дейін турнир кестесінде төртінші орында келе жатқан еді. Ал 31 ұпайы бар башқұртстандықтар алтыншы сатыда болатын. Сондықтан мамандар алаң иелеріне басымдық берген еді.
Матч барысында «Краснодар» басымдық көрсеткенімен, қонақтар да қарап қалмады. 72-минутта қарымта шабуыл кезінде хорватиялық Иван Пауревич есеп ашты. Бұдан кейін алаң иелері алға ұмтылғанымен, ештеңе бітіре алмады.
Осылайша Сергей Семак жаттықтыратын уфалықтар 1:0 есебімен жеңіске жетіп, 34 ұпаймен алтыншы орынға беки түсті.
Айта кетейік, «Уфа» құрамында «Қазақ Мессиі» атанған шабуылшы, 18 жасар Еркебұлан Сейдахметтің ойнайтыны белгілі. Бұл жолы ол қосалқы құрамда болып, алаңға шыққан жоқ. Өткен турда «Анжи» командасымен ойында Еркебұланның екінші таймда алаңға шығып, қос бірдей нәтижелі шабуылға қатысқанын жазған болатынбыз. Сонымен қатар Е.Сейдахмет Қазақстан ұлттық құрамасына да шақырту алды.
22:15, 17 Наурыз 2018
Футбол: Еркебұлан Сейдахметтің командасы күтпеген жерден «Краснодарды» ұтып кетті
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Футболдан премьер-лига командалары арасында Ресей чемпионатының кезекті турында Краснодарда жергілікті команда «Уфаны» қабылдады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.