ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал футболының түлектері Иван Антипов пен Эльдар Абдрахманов бірінші лигада өнер көрсететін «Ақжайыққа» қайтып оралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ақжайық» футбол клубының бас директоры Азамат Шайхының айтуынша, екеуімен де келісімшарт жасалды.
Орал қаласында футбол әліппесін үйреніп, болашағынан үлкен үміт күттіріп, Қазақстан жастар құрамасында да ойнаған жартылай қорғаушы Иван Антипов өткен жылғы маусымды премьер-лигада Талдықорғанның «Жетісу» клубында бастап, «Атырауда» аяқтаған болатын. Ал оң қапталдағы қорғаушы Эльдар Абдрахмановтың кезінде «Ақжайықтан» «Атырауға» ауысқаны белгілі.
«Біз негізінен жергілікті футболшыларға сенім артып отырмыз. Бас бапкер Артур Авакянц өз орнында қалады. Қаражатқа байланысты командада легионерлер болмайды. Мақсат – өз күшімізбен премьер-лигаға қайтып оралу», деді ҚазАқпарат тілшісіне А.Шайхы.
Тағы бір өзгешелік, клуб оқу-жаттығу жиынын Түркияда емес, Шымкентте «БИИК» клубының базасында өткізеді. Оған команда 26 қаңтар күні аттанады.
Фото: kazfootball.kz
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).