АСТАНА. ҚазАқпарат - Конго құрамасының шабуылшысы Жуниор Кабананга «Астана» сапында қайтадан ойнайтын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сауд Арабиясының «Аль Наср» (Эр-Рияд) клубының Твиттердегі парақшасында жазылғанындай, Кабананга «Астанаға» жалға берілмекші.
Биыл 29-ға толған Кабананга астаналық клуб сапында 2015-2017 жылдары өнер көрсетіп, үш мәрте ел чемпионы болып үлгерді. Команда сұрмергендерінің біріне айналған ол премьер-лигадағы 57 матчта 29 гол соқты.
Биылғы ақпан айында конголық шабуылшы «Аль-Наср» клубына ауысып, 2,5 жылға келісімшартқа отырған болатын.
Еске сала кетейік, кеше Еуропа чемпиондары лигасының бірінші іріктеу сайысында «Астана» өз алаңында Черногорияның «Сутьеска» командасын 1:0 есебімен жеңген болатын.
Алдағы уақытта алдыңғы шепте ойқастап, мергендігімен таныла алатын Кабанангадай кәнігі, ұзын бойлы шабуылшының керек екендігі анық.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).