Футбол қақпасы құлап, баланың қайтыс болуы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды

Фото: Helga/Pixabay
АСТАНА. ҚазАқпарат – Футбол ойыны кезінде 10 жасар баланың басына қақпа құлап, оқиға орнында қайтыс болуына байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«7 тамызда полицияға мектеп алаңында футбол ойнап жүрген баланың басына темір конструкция құлап, салдарынан оның сол жерде қайтыс болғаны туралы хабарлама түсті. Аталған факті бойынша Байқоңыр аудандық полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 306-бабы бойынша қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін жұмыстарды орындауға және қызмет көрсетуге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, елорда полициясынан ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге мәліметтер жария етуге жатпайтыны ескертілді.

Еске салсақ, кеше Астанадағы мектепте оқушының үстіне футбол қақпасы құлап, 10 жасар бала мерт болғаны туралы хабарлаған едік. Білім басқармасының ақпаратына сәйкес, оқиға №10 мектептің аумағында болған. Бала алған жарақатынан сол жерде көз жұмған.