Футбол, карате, жүзу: Алматыда 20 мыңға жуық бала 25 спорт секциясына барады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров бұқаралық спортты дамытып, балаларды үйірмелермен қамту бойынша алқалы жиын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Онлайн форматтағы жиынға спорт мекемелерінің, соның ішінде балалар мен жасөспірім мектептерінің, кәсіби спорт клубтарының басшылары қатысты.

Белгілі болғандай, бүгінгі күні «Жаңа Алматы» бағдарламасына сәйкес, қала шетінде жаңа жобалар жүзеге асырылуда.

Мегаполисте әр түрлі меншік нысанындағы 3400 нысан бар. 2021 жылы Зерделі, Айнабұлақ-2, Құлагер, Алатау, Кемел, Жас Қанат және басқа ықшамаудандарында 6 дене шынықтыру-сауықтыру орталығы, 1 теннис орталығының құрылысы жүріп жатыр.

Бокс, хореография, басқа да спорт және су спорты бар. Жыл соңына дейін үш нысанды пайдалануға беру жоспарланған.

Жаңа спорт нысандарының жалпы тәуліктік сыйымдылығы - 5 мың адам.

Бұған қоса, бюджеттен тыс қаражат есебінен спорт кешендері, велотрек, үстел теннисі орталығы және басқалары бар 5 нысан салынуда.

Жалпы биыл 61 мектепте 73 футбол, 63 волейбол мен баскетбол алаңдары, сондай-ақ жаттығу аймақтары мен жүгіру жолдары бар спорт ғимараттарын жаңарту көзделген.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 8 спорт алаңын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде: қазір 4 стадионда жұмыс аяқталды, қалған мектептердің құрылыс-монтаждау жұмыстарын аяқтау ағымдағы жылдың желтоқсанына жоспарланған.

17 мың 749 бала 25 спорт түрінен сабақ бастады. Ең танымал секциялардың арасында футбол, таэквондо, каратэ, жүзу, дзюдо бар.

Бұл ретте «Алматы қаласының жаттықтырушылар ассоциациясы» ЖШС атап өткендей, балалар мен олардың ата-аналары тегін секциялардың сапасы туралы оң пікірде.

Қалада спорт мекемелерімен қатар 100 демалыс орталығы бар. Соның 36 спорт секциясы мен үйірмелері 8 мыңнан астам адамға ақысыз қызмет көрсетеді.

2023 жылға қарай орталықтар санын 200-ге дейін, ал биыл қосымша 50 орталыққа жеткізу көзделген.

Бұл ретте жоғары жетістіктерге ие спортты дамыту бағытында Алматы қаласы мен Қазақстан Республикасының құрама командалары үшін 78 спорт түрінен спорт резерві дайындалуда.

1 қыркүйектен бастап спорт колледжі 50 орынға арналған спорт кеңсесінде өз есігін ашты.

Бүгінде Алматының құрама командалары күрделі республикалық жарыстардың, Қазақстан халықтарының спартакиадасының, жазғы және қысқы жасөспірімдер ойындарының чемпиондары.

Республика құрама командасының тізімінде 906 спортшы бар.

Алқалы жиыннын қорытындысы бойынша Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев спорттық инфрақұрылымды жаңарту бойынша ауқымды шаралар қабылдап жатқанын атап өтті.

Спорт басқармасы тиісті ұйымдармен бірлесе отырып, білікті жаттықтырушылармен қамтамасыз ету, бапкерлер базасын қалыптастыру және балаларға арналған спорт секцияларын жан басына шаққандағы қаржыландыру ақысын уақтылы қамтамасыз ету бойынша жұмысты күшейтуі қажет.

Мектеп оқушыларын, студенттер мен жастарды спортқа баулу ісін күшейту тапсырылды.

Дене шынықтыру-сауықтыру орталықтарын уақытында іске қосу бойынша жұмыстардың мониторингі ерекше бақылауда болуы тиіс.

Себебі бұл нысандардың құрылысы бұқаралық спортпен шұғылданатындардың санын едәуір арттырады әрі спорттық инфрақұрылымға қолжетімділікті қамтамасыз етеді.

Бұл ретте қалада спортшыларды медициналық-биологиялық қамтамасыз ету үшін емдік-дене диспансерін ашу және қаланың сегіз ауданында балалар мен жасөспірімдерге арналған жаңа дене шынықтыру клубтарын ашу мәселесін пысықтау тапсырылды.