Футбол қауымдастығы президентінің қазасына байланысты Аргентина чемпионаты кейінге қалдырылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Аргентинаның футболдан чемпионатының басталуы бір аптаға кейінге шегерілді. Бұған Аргентина футбол қауымдастығының (АФҚ) президенті Хулио Грондонаның оқыстан көз жұмуы себеп болды.

30 шілде күні жүрек талмасы ұстаған Федерация басшысы ауруханаға жеткізілген. Алайда дәрігерлер оны аман алып қала алмады, білікті футбол маманы 83 жасында қайтыс болды, деп хабарлайды vesti.kz.

Хулио Грондона Аргентинаның футбол федерациясын 1979 жылдан бері басқарып келген. Осы уақыт аралығында бұл құрама әлем чемпионатында (1986) жеңімпаз атанып, екі рет мундиальдің күміс жүлдегері (1990, 2014) болды. Екі рет Америка кубогын (1991, 1993) иеленіп, Олимпиадаларда (2004, 2008) жеңіске жетті. 2011 жылы Грондона тоғызыншы рет Аргентина футбол қауымдастығының президенті болып сайланды.