«Астана Арена» стадионында алдымен Көкшетаудың «Оқжетпесі» Алматының «Қайратын» қабылдады. Бұл ойында алаң иелерінен Сергей Струков 29-ыншы және 68-минутта қос доп соғып, есепті 2:0-ге жеткізді. Өткен турда Атырауда жеңіліс тапқан «Қайрат» тағы да ұтылатындай көрінген. Дегенмен олар бес минутта үш гол соғып, «Оқжетпесті» жерге қаратып кетті. Әуелі 74-минутта команда капитаны, атақты ресейлік ойыншы Андрей Аршавин есепті қысқартса, бір минут өтпей жатып, бразилиялық легионер Исаэль таразы басын теңестірді. Ал 79-минутта екінші таймда алаңға шыққан Бауыржан Тұрысбек мергендік танытты. Осылайша, жеңіліп жатып, 3:2 есебімен қарсыласын ұтқан «Қайрат» 22 ұпаймен турнир кестесінде үшінші орынға көтерілді.
Тағы бір орталық матч «Астана Арена» стадионында өтіп, астаналықтар көш басында келе жатқан командалардың бірі Павлодардың «Ертісін» қабылдады. Мұнда «Астанадан» Роман Муртазаев 13-минутта есеп ашты. Екінші таймда дәл соның орнына шыққан Дидар Жалмұқан 79-минутта Жуниор Кабананганың соққысынан кейін «Ертістің» қақпашысы Давид Лория қайтарған допты қақпаға сүңгіте салды. Сөйтіп, 2:0 есебімен жеңіске жеткен «Астана» 27 ұпаймен бұрынғыша жекедара көш бастап келеді әрі оның негізгі қарсыластарынан бір ойыны кем. 23 ұпаймен екінші сатыда тұрған Шымкенттің «Ордабасы» командасы «Атырауда» 2:2 есебімен тең ойнады. Бұл кездесуден шымкенттіктерден Таңат Нөсербаев есеп ашқанымен, Эльдар Абдрахманов пен Фархат Саломовтың голдарынан кейін «Атырау» алға шықты. Тек 85-минутта ғана Азат Нұрғалиев 11 метрлік айып добын дәл орындап, есепті теңестіре алды.
Қарағандыда атақты футболшы Андрей Финонченконы салтанатты түрде шығарып салған «Шахтер» өз алаңында 82-минутта Айдос Тәттібаевтың алыстан соққан әдемі голынан кейін Оралдың «Ақжайығын» ұтып, 11-інші орынға көтерілді. «Тараз» да Қызылорданың «Қайсарымен» өткен ойында жеңіске деген жігерін таныта білді. Мұнда «Қайсардың» капитаны Мақсат Байжанов бірінші тайм соңында есеп ашты. Оның үстіне 60-минутта алаң иелерінен Андрей Горбанец екінші рет ескерту алып, алаңнан қуылды. Соған қарамастан, «Тараз» Мохаммед Диарра мен Абзал Таубайдың голдары арқасында 2:1 есебімен жеңіске жетіп, тараздықтар 10-ыншы орынға шықты. Ал өз алаңында Қостанайдың «Тобылына» 1:3 есебімен есе жіберген «Ақтөбе» командасы ең соңғы орынға сырғыды. Бұл ойында «Тобылдан» Алексей Щеткин, Сергей Малый және Рауль Джалилов көзге түссе, «Ақтөбеден» Иури Мамуте ғана бір голмен жауап бере алды.
Ел чемпионатының келесі туры 20 мамырда өтеді. Бұл жолы «Ақжайық» - «Астана», «Ертіс» - «Атырау», «Ордабасы» - «Ақтөбе», «Тобыл» - «Оқжетпес», «Қайсар» - «Шахтер», «Қайрат» - «Тараз» командалары өзара күш сынасады.