ФУТБОЛ: «Қайрат» - ойыншылар құрамы бойынша Премьер-Лигадағы ең қымбат команда

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматының «Қайрат» командасы Қазақстан Премьер-Лигасында ойыншылар құрамының трансферлік бағасы бойынша көш басында келеді.

Transfermarkt. De сайтының деректеріне сәйкес, «Қайрат» командасындағы трансферлік баға 11 миллион 530 мың еуроны құраған. Ал ең төменгі трансферлік баға Семейдің «Спартагында» тіркелді - бары-жоғы 3 миллион 80 мың еуро. Есесіне Қызылорданың «Қайсар» командасы ойыншыларының саны жөнінен бірінші орынға бір-ақ шықты. Қазір команда құрамында 30 футболшы өнер көрсетеді. Ең аз ойыншы «Ақтөбеде» - 23 футболшы.

Жасы ең үлкен ойыншылар «Ақтөбе» мен «Ертісте» - 27,9 жас. Ал ойыншылары ең жас команда - Алматының «Қайраты» - 24,9 жас.

Ең көп легионерлер «Атырау» командасында тіркелді - барлығы 13 ойыншы. Ал ең азы «Тараз» бен «Жетісуда» - 7 ойыншыдан. Футболдан ұлттық құрама команданың ең көп мүшесі «Ақтөбе» командасында ойнайды екен - барлығы 10 адам. Ең азы Семейдің «Спартагында» - бары-жоғы 1 адам.