НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан Алматының «Қайрат» командасы құрамына ресейлік жартылай қорғаушы Кирилл Колесниченко қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі команда сайтына сілтеме жасап.
Кирилл Колесниченко 2000 жылдың 31 қаңтарында Ресейдің Волгоград облысының Камышин қаласында дүниеге келген. Он бір жасынан Мәскеудегі «Чертаново» футбол мектебінде тәлім алды. Он бес жасында Ресейдің кәсіпқой футбол лигасында алғашқы ойынын өткізді. Осылайша Ресейде кәсіби деңгейде ойнап жүрген жас футболшы атанды. 2015 жылы Ресейдің 16 жасқа дейінгі құрамасына шақырту алды. Сол елдің Премьер-лигасындағы алғашқы ойынын 2018 жылы Хабаросвк қаласының «СКА-Хабаровск» командасында өткізді. Одан кейін қайтадан «Чертаново» клубына оралып, онда 30 ойында 6 гол соғып, 3 нәтижелі пас берді.
«Қайрат» командасының басшылығы Кирилл Колесниченкомен үш жылға келісім-шартқа отырды.
Қазақстан Премьер-лигасының трансферлік мерзімі 3 сәуірге дейін созылады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.