ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордалық «Қайсар» командасына жаңа бапкер тағайындалды. Бұл қызметке қазақстандық білікті бапкер Владимир Никитенко келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Тәжірибелі жаттықтырушы бұған дейін қызылордалық клубтың тізгінін екі мәрте ұстаған. 2008 жылы команда ел біріншілігінде төртінші орынға табан тіреді. Ал 2012 жылы оның жетекшілігімен «Қайсар» премьер-лигадағы орнын сақтап қалды.
Владимир Никитенко еліміздегі тәжірибелі мамандардың қатарында саналады. Ол еліміздің көптеген клубтарында жетекшілік жасады. Қазақстан чемпионатыда екі дүркін жеңімпаз атанса, бірнеше мәрте Қазақстан кубогын еншілеген.
Білікті маман бапкерлік еңбегі жолында 40-тан аса спорт шеберін дайындады. Олардың арасында ұлттық құрама сапында ойын көрсеткен футболшылар бар.
Еске салсақ, бұған дейін «Қайсар» аталған қызметті жергілікті маман Сұлтан Әбілдаев атқарып келді.
Команда биыл сәтсіз ойын көрсетіп, турнир кестесінде 14 ойыннан кейін 7 ұпаймен ең соңғы орында тұр.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.