АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 9-туры мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталған турдағы соңғы ойын Қызылордада «Қайсар» және қостанайлық «Тобыл» арасында өтті.
Командалар турнир кестесінде қатарлас келеді. Жеңген клуб жағдайын жақсарта түсетін еді.
Бірінші кезең алма-кезек шабуылмен өтті. Алайда таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ.
Екінші кезеңде 55-минутта қызылордалық клубтан Виталий Приндета соққан жалғыз гол кездесу тағыдырын шешті.
Еске салсақ, 13 мамырда «Каспий» «Ақсудан», «Қызылжар» «Жетісудан» 1:0 , «Атырау» «Шахтерден», «Ордабасы» «Мақтаралдан» 2:1 есебімен басым түсті.
Ал 14 мамырда «Оқжетпес» пен «Астана» 0:0 есебімен тең түссе, «Қайрат» «Ақтөбені» 2:1 есебімен тізе бүктірді.
Енді оныншы тур ойындары 20 және 21 мамыр күндері өткізіледі.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.