Жарыс қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан әскери қызметшілерді еске алуға арналған. 8 команда қатысқан турнирдің финалдық кездесулері шиеленісті өтті. Соңғы сәттерге дейін 19132 және 44813 әскери бөлімдері командаларының қайсысы басым екені белгісіз болды. Тек соңғы минутта қарсыластарын 4:3 есебімен ұтқан 19132 әскери бөлімінің командасы жеңіске жетті. Үшінші орынға Ұлттық қорғаныс университетінің футболшылары тұрақтады. Бәсеке қорытындысы бойынша лейтенант Артем Сиротов - үздік шабуылшы, кіші сержант Қуаныш Байжұманов - үздік қорғаушы, қатардағы жауынгер Жамбыл Серікбаев үздік қақпашы атанды.
«Мұндай акцияларды біз қаза тапқан жауынгер жолдастарымызды еске алып, жыл сайын өткізіп тұратын боламыз, олар біздің жүректерімізде мәңгі сақталады», - деді жарыс соңында ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы авиация генерал-майоры Нұрлан Орманбетов.