Футбол: Қазақстан кубогы 1/8 финалының жеребесі тартылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 7 сәуір күні Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасының кеңсесінде ел кубогының жеребесі тартылып, 1/8 финалдың жұптары анықталды.

Ұйымдастырушылар 16 команданы екі қоржынға бөлген. Біріншісіне өткен жылғы кубоктың иегері, ел чемпионы «Астанадан» бөлек, өткен жылғы Қазақстан чемпионатының қорытындысы бойынша турнир кестесінде жоғары орындардан көрінген тағы жеті команда орналасқан. Олар «Қайрат», «Ертіс», «Ордабасы», «Оқжетпес», «Ақтөбе», «Тобыл» және «Атырау».

Екінші қоржынға былтыр турнир кестесінің төменгі жағынан орын алған «Шахтер», «Ақжайық» және «Тараздан» бөлек, Бірінші лиганың жеңімпазы «Қайсар», сондай-ақ, кеше ғана аяқталған ел кубогы електік кезеңінің жеңімпаздары «Мақтаарал», «Қыран», «Жетісу» және «Қызыл-Жар» командалары орналасты.

Екі қоржындағы шарлар кезек-кезек алынып, бір себетке салынды да, қайсысы бірінші шығарылса, сонысы 1/8-финалда ойынды өз алаңында өткізетін болып бекітілді. Бірақ, бұл ереже іріктеу кезеңінен өткен командаларға қатысты емес. 1/8-финалдың ойындарын ол командалар өз алаңдарында қабылдайтын болып әу баста шешілген.

Бұл кезеңнің ойындары 19 сәуір күні өтеді. Естеріңізге сала кетейік, биыл Қазақстан кубогының финалы Ақтөбе қаласында өтеді.


Қазақстан кубогының 1/8-финалы

19 сәуір (сәрсенбі) «Қызыл-Жар» (Петропавл) - «Ордабасы» (Шымкент)

«Тобыл» (Қостанай) - «Шахтер» (Қарағанды)

«Мақтаарал» (Жетісай) - «Оқжетпес» (Көкшетау)

«Ертіс» (Павлодар) - «Қайсар» (Қызылорда)

«Қыран» (Шымкент) - «Атырау»

«Қайрат» (Алматы) - «Тараз»

«Ақжайық» (Орал) - «Ақтөбе»

«Жетісу» (Талдықорған) - «Астана»

 

Дереккөз: Астана футбол федерациясы