Футбол: Қазақстан құрамасы Литвамен тең түсті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Түркияда оқу-жаттығу жиындары аясында Литва командасымен жолдастық кездесу өткізген Қазақстан футбол құрамасы қарсыласын жеңе алмады.

Ойын 1:1 есебімен аяқталды. Бірінші таймның басында Литва құрамасының жолы болып, матчта есеп ашқан болатын. Қазақстан футболшылары бұл голға тек екінші таймда жауап қайтара алды. Таңат Нөсербаевтан сол жақ қапталдан пас алған Нұрбол Жұмасқалиев литвалықтардың қақпасын дәл көздеді. Айта кетейік, бұл Жұмасқалиевтің ойыншы алмастырып, алаңға енді шыққан беті еді.

Қазақстан футболшылары құраманың жаңа бас бапкері Юрий Красножанның жетекшілігімен алғаш рет ойнап отыр. 2013 жылы 31 желтоқсан күні Беранек Қазақстан құрамасының бас бапкерлігінен кеткеннен кейін, ақпанда оның орнын ресейлік маман Ю.Красножан басқан еді.