Футбол: Қазақстан құрамасы Түркияның ұлттық командасынан жеңілді

ТАНА. 3 қыркүйек. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Футболдан Қазақстанның ұлттық құрамасы «Еуро-2012» чемпионатының іріктеу турнирі аясында кеше, жұма күні Ыстамбұлда Түркия командасымен кездесіп, 1:2 есебімен жеңіліп қалды.

Бірінші голды ойынның 31 минутында қарсыластар сапынан Бурак соқты. Алайда, келесі таймда Ұлан Қонысбаев Түркия қақпашысы Демирелді сан соқтырып, есепті теңестірді. Матчтың 62 минутында Қазақстан құрамасының қорғаушысы айып алаңында қолмен ойнағаны үшін бас төреші Клеман Турпен Мокиннің қақпасына пенальти белгіледі. Бірінші таймда гол соққан шабуылшы Бурак бұл жолы допты қақпаға түсіре алмады. Ойынның негізгі уақыты 1:1 есебімен аяқталды. Дегенмен, төреші қосқан қосымша уақыттың 7-минутында Түркия құрамасының ойыншысы Арда Тұран Қазақстан құрамасының қақпасына жеңісті доп салды.

Айта кетейік, бұл чех маманы Мирослав Беранек тізгінін ұстағаннан кейінгі біздің команданың «Еуро-2012» чемпионатының іріктеу турнирі аясындағы үшінші, ал жалпы топтық турнирдегі жетінші ойыны болды.

Жерлестеріміз бұған дейін өткізген алты матчтың тек біреуінде ғана жеңіске жеткен болатын. Атап айтар болсақ, Қазақстан құрамасы өз алаңында Түркияға 0:3, Бельгияға 0:2, Германияға 0:3 есебімен есе жіберіп, Әзербайжанды 2:1 есебімен тізе бүктірсе, сырт алаңда Австриядан 0:2. Германиядан 0:4 есебімен ұтылып қалған болатын.

"Еуро-2012" чемпионатының іріктеу турнирі аясында Қазақстан құрамасы Германия, Түркия, Австрия, Бельгия және Әзербайжан құрамаларымен бірге «А» тобында ойнауда.