НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан құрамасы футболдан 2020/2021 жылғы Ұлттар лигасындағы өз алаңында болатын алғашқы кездесуін Алматыда өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Естеріңізге сала кетелік, қазақстандық футболшылар алғашқы турда 4 қыркүйекте өз алаңында Беларусьті қабылдайды. Аталған ойын Алматы қаласындағы «Орталық» стадионда болады деп жоспарланып отыр. Ұлттық құрама бұдан бұрын өз ойындарын өткізіп жүрген елордадағы «Астана-арена» стадионында жасанды төсеніш ауыстырылуда. Ол қыркүйек айына дейін дайын болмауы мүмкін.
Қазақстан құрамасы қыркүйек-қараша айларында Ұлттар лигасында С лигасының төртінші тобында Албания, Беларусь және Литвамен шеберлік байқасады.
Сондай-ақ, қазақстандық футболшылар 11 қарашада сырт алаңда Черногориямен кездеседі.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.