НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Футболдан Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Минскіде өткен «Даму кубогы» халықаралық турнирінде екінші орынға ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандықтар соңғы ойында Молдова құрамасын 5:0 есебімен тас-талқан етті.
Кирил Морунов шәкірттерінен, әсіресе, шабуылшы Ян Труфанов ерекше көзге түсіп, хет-триктің авторы атанды.
Сондай-ақ Глеб Валгушев пен Мирас Оматай бір-бірден гол соқты.
Мұның алдында қазақстандықтар бастапқы кездесуінде Тәжікстан құрамасына 1:7 есебімен (жалғыз голдың авторы Никита Губарев) ұтылған еді. Дегенмен екінші матчта алаң иелері – Беларусь құрамасын 4:2 есебімен (гол авторлары: Мирас Оматай, Әмірәлі Оразбек, Әмір Темірғали және Ян Труфанов) тізе бүктірді.
Қазақстан футбол федерациясы мәлім еткеніндей, осы екі жеңістің арқасында жасөспірімдер құрамасы халықаралық турнирдің күміс жүлдесіне ие болды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).