Футбол: Қазақстан жастар құрамасы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирін жеңіспен бастады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Белгілі қазақстандық маман Владимир Никитенко жаттықтыратын Қазақстан жастар құрамасы 2019 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Қазспорт» телеарнасынан тікелей эфирде көрсеткеніндей, сырт алаңда Люксембург құрамасымен кездесу қазақстандықтарға оңайға түскен жоқ. 7-минутта Қазақстан құрамасының қорғаушысы Дәурен Мәжитов өз айып алаңында тәртіп бұзып, қонақтардың қақпасына пенальти белгіленді. Мұны алаң иелерінен шабуылшы Эдвин Муратович дәл орындай білді. Бұдан кейін Люксембург ойыншыларының бірі соққан доп, абырой болғанда, қақпа маңдайшасына тиіп, асып кетті. Ал 35-минутта бұрыштамадан берілген допты сәтті қабылдаған Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Александр Соколенко салқынқандылық танытып, қақпашыдан айласын асырды.

Екінші таймда команда капитаны Дидар Жалмұқанның пасынан кейін Юрий Перцух тепкен допты Люксембург қақпашысы Валентин Рулез қайтара білді. Ұрымтал сәттердің бірінде жартылай қорғаушы Геворг Наджарян Люксембург қорғаушысынан допты тартып алып, қақпашыдан әдемі асыра білді. Қазақстандықтардың бұдан кейін де есепті еселей түсуге мүмкіндігі болды.

Сөйтіп 2:1 есебімен жеңіске жеткен Қазақстан құрамасы 13 маусым күні өз алаңында Черногория ойыншыларын қабылдайды. Тоғызыншы топта сондай-ақ Франция, Болгария және Словения құрамалары ойнайды. Бұлардың қай-қайсысы да осал емес, Люксембургтен әлдеқайда мықты.