Футбол: Қазақстан жастар құрамасының бас жаттықтырушысы міндетін атқарған С. Гороховодацский отставкаға кетті

АСТАНА. Маусымның 16-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Футболдан 21 жасқа дейінгі Қазақстанның жастар құрамасының бас жаттықтырушысы міндетін атқарған Сергей Гороховодацский өз еркімен отставкаға кетті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Қазіргі уақытта Қазақстан Футбол федерациясы аталмыш қызметке бірқатар үміткерлерді қарастырып жатыр. Жастар құрамасының жаңа бас жаттықтықтырушысын 2009 жылдың шілде айында тағайындау жоспарланып отыр», делінген Қазақстан Футбол федерациясы баспасөз қызметінің таратқан хабарламасында. Айта кетейік, Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі аясында Қазақстанның жастар құрамасы Израиль, Швеция, Болгария және Черногория құрамаларымен бірге 6-шы топта өнер көрсетуде. Іріктеу турнирі аясында бұған дейін біздің команда үш ойын өткізді. Жерлестеріміз алғашқы ойынын ағымдағы жылғы наурыздың 29-да сырт алаңда Израильмен өткізіп, 1:1 есебімен тең түсті. Екінші ойынында өз алаңында Болгарияны қабылдап, 2:0 есебімен жеңді. Үшінші кездесуін маусымның 7-де Алматыда Черногориямен өткізген футболшыларымыз 0:2 есебімен жеңіліп қалды. Осылайша үш ойынан кейін 4 ұпай жинаған біздің команда әзірге өз тобында 1-ші орында келеді. Қазақстан құрамасы іріктеу турнирі аясындағы кезекті ойынын қыркүйектің 4-де сырт алаңда Болгариямен өткізеді. Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, іріктеу турниріне барлығы 52 команда қатысуда. Дания чемпионатты ұйымдастыратын ел болғандықтан, бірден финалға жіберілді. Қалған командалар он топқа бөлінді. 2009 жылғы наурыздың 28-і мен 2010 жылғы қыркүйектің 7-сі аралығында өтетін іріктеу турнирінде топтардың әрқайсында екі айналымнан тұратын ойындар өтеді. Іріктеу турнирінің қорытындысы бойынша әр топтың жеңімпазы және нәтижелері үздік екінші орын алған төрт команда плей-оффқа өтіп, жеті жұпты құрады. Бұл кезеңде сәтті ойнаған жеті жұптың жеңімпаздары Даниядағы финалдық турнирге жолдама алады. Біздің команда сынға түсетін 6-шы топтағы ойындардың күнтізбесі мынадай: Қыркүйектің 4-і Болгария-ҚазақстанҚыркүйектің 9-ы Қазақстан-ИзраильҚазанның 11-і Қазақстан-ШвецияҚазанның 14-і Черногория-ҚазақстанҚарашаның 15-і Швеция-Қазақстан