Футболдан 21 жасқа дейінгі Қазақстан жастар құрамасы 2025 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу сатысының үшінші турында елордада Испаниямен кездесті, деп хабарлайды Kazinform.
Қазақстандық жастар В тобында сынға түсіп жатыр. Қарсыластары - Испания, Венгрия, Шотландия, Мальта және Бельгия құрамалары.
Бүгінгі кездесу барысында қазақстандық футболшылар қарсыласына лайықты деңгейде төтеп беруге тырысты. Испаниялық жастардың шабуылына тойтарыс беріп, қарсы шабуылға шығуға көңіл бөлді.
Ойынның 11-минутында испаниялық Фермин Лопес Мартин есеп ашып кетті. Бірінші кезеңде бұдан кейін гол соғылған жоқ.
Екінші кезеңде испаниялық клубтан Диего Лопес - 54, Фран Перес - 56, Саму Омородион 90-минутта мергендік танытты.
Осылайша қазақстандық футболшылар қарсыласына 0:4 есебімен есе жіберді.
Еске салсақ, ел жастары бұдан бұрын екі ойын өткізіп, Венгрияға - 0:2, Бельгияға 0:1 есебімен жол берген еді.
Енді отандық құрама алдағы ойынын 16 қарашада сырт алаңда Мальтаға қарсы өткізеді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.