НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін 21 жасқа дейінгі жастар арасында футболдан 2023 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу сатысында Қазақстан елордада Түркиямен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгінгі кездесуде ойын тағдырын 27-минутта түркиялық Энис Дестан соққан жалғыз гол шешті. Бұдан кейін қос құрама тарапынан есепті өзгертетін мүмкіндіктер болған еді. Дегенмен таблодағы есеп өзгеріссіз қалды.
Кездесуде Қазақстан жастары қарсыласына 0:1 есебімен жол берді.
Енді олар алдағы ойынын 12 қарашада сырт алаңда Шотландиямен шеберлік байқасады.
Еске салсақ, Қазақстан жастары I тобында сынға түседі. Қарсыластары - Бельгия, Дания, Шотландия және Түркия құрамалары.
Қазір турнир кестесінде үш ойыннан кейін тоғыз ұпай жинаған Бельгия құрамасы келеді. Қазақстан жастар құрамасы әзірге бесінші орынды қанағат тұтып отыр.
Бұдан бұрын олар 4 маусымда өз алаңында Бельгиядан 1:3 есебімен жеңілсе, 7 қыркүйекте Данияға 0:1 есебімен жол берді. Одан кейін сырт алаңда Бельгияға 0:2 есебімен жеңілді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.