НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан 21 жасқа дейінгі Қазақстан жастар құрамасы 2023 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу кезеңінде бесінші ойынын Шотландияға қарсы өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталған кездесу Шотландияның Данди қаласында өткізілді. Есепті 28-минутта алаң иелері қатарынан Льюис Фиорини ашты. Одан кейін 56-минутта Гленн Миддлтон есепті үстемелей түсті.
Оған 71-минутта қазақстандық Максим Самородов бір голмен жауап қайырды.
Еске салсақ, бұдан бұрын қазақстандық жастар өз және сырт алаңда Бельгиядан 1:3, 0:2 есебімен есе жіберді.
Сондай-ақ, өз алаңында Дания мен Түркияға 0:1 есебімен есе жіберді.
Енді қазақстандық жастар 2022 жылдың 29 наурызында өз алаңында Шотландиямен қарымта ойын өткізсе, 4, 10 маусым күндері Дания мен Түркиямен жасыл алаңға шығады. Қазақстан жастары I топта сынға түседі. Бас бапкері - қазақстандық маман Қайрат Нұрдәулетов. Доп додасының іріктеу кезеңі 2021 жылдың наурыз айынан 2022 жылдың маусымына дейін өтеді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.