НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Футболдан шымкенттік «БИИК-Қазығұрт» клубы әйелдер Чемпиондар лигасының 1/8 финалына өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық клуб лиганың 1/16 финалының қарымта кездесуін Харьковтың «Жилстрой-2» командасымен Шымкентте өткізді.
Харьковта өткен бірінші ойында украиналық қыздар 2:1 есебімен басым түскен болатын. Қазақстандықтарға қарымта қайтарып, келесі кезеңге өту үшін кемінде бір гол соғып, өз қақпасын аман алып қалу керек еді.
Бүгінгі бәсекеде 35-минутта «БИИК-Қазығұрт» командасының капитаны Кәмила Құлмағамбетова соққан доп шымкенттік қыздарға жеңіс әперді – 1:0.
Осылайша қазақстандық клуб сырт алаңда соғылған гол есебінен чемпиондар лигасының 1/8 финалына өтті. Бұл кезеңнің жеребесі алдағы жылдың 16 ақпанында тартылып, шымкенттік қыздардың қарсыласы анықталады. Матчтар 3-4 және 10-11 наурызда өтеді. Финал 16 мамырда Швецияның Гетеборг қаласындағы «Гамла Уллеви» стадионында болады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).