НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Футболдан Ресей чемпионатының 19-турында Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Бактиер Зайнутдинов ЦСКА сапында гол соғып, ерекше көзге түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мәскеулік «Спартак» пен ЦСКА матчында қазақстандық футболшы әуелі қосалқы құрамда болды. Биыл қысқы үзілістен кейін қайта жалғасқан Ресей біріншілігінде ойнайтын қос командада біраз өзгерістер болды.
«Спартак» тізгінін италиялық маман Паоло Ваноли ұстаса, ЦСКА командасына жаңадан ойыншылар келді.
Екінші таймда 49-минутта сол жаңадан қосылғандардың бірі, түркиялық Юсуф Языджи айып добын керемет орындап, ЦСКА-ны алға шығарды. Ал 56-минутта Б.Зайнутдинов тағы бір жаңадан келген футболшы, парагвайлық Хесус Мединаның орнына шықты. 79-минутта Иван Обляковтан әдемі пас алған Бактиер тамаша соққымен есепті еселеді – 2:0. Оған қоса ойын соңында қазақстандық футболшыны шалып жыққан «Спартак» құрамындағы нигериялық жартылай қорғаушы Виктор Мозес ескерту қағазын алып тынды.
Осылайша Б.Зайнутдинов ЦСКА командасының дербиде жеңіске жетуіне өз үлесін қосты. Мәскеулік клуб турнир кестесінде төртінші орында келеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).