Футбол: Клубтар арасындағы әлем чемпионы анықталды

Нұр-Сұлтан. ҚазАқпарат – Биылғы клубтар арасындағы әлем чемпионатының финалында ағылшындық «Ливерпуль» бразилиялық «Фламенгомен» кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бірінші таймда командалар есеп ашпады. 46-минутта Роберто Фирминоның бағыттаған соққысы қақпа бағанасынан кері қайтты. Бразилиялық клуб екінші таймның орта тұсында гол соғатын мүмкіндікті мүлт жіберді.

92-минутта Садио Мане қақпашымен жеке-дара шығып, айласын асыра алмады. Төреші бастапқыда пенальти белгілеген, алайда, бейнеқайталау бұл шешімнің бұрыстығын көрсетті.

Бірінші экстра-таймда Роберто Фирмино «Ливерпульге» жеңіс әкелді.

Осылайша, «Ливерпуль» өз тарихында тұңғыш рет клубтар арасындағы әлем чемпионы атанды.

Айта кетейік, клубтар арасындағы әлем чемпионаты 2000 жылдан бастап өткізіліп келеді. Бұл турнирге УЕФА чемпиондар лигасының жеңімпазы мен Либертадорес Кубогын ұтып алған әр құрлықтың чемпиондары қатысады.