Футбол клубтарын жекешелендіру жол картасы әзірленеді

Фото: pexels.com

АСТАНА. KAZINFORM — Отандық футбол клубтарын жекешелендіру бойынша кешенді жол картасы әзірленеді. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігінен мәлім етті.

ҚР Президентінің 2025 жылғы 14 наурыздағы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай отырысында берген тапсырмасына сәйкес:

— Еліміздің Премьер-Лигасында 14 кәсіби футбол клубы өнер көрсетеді. Оның ішінде 13 клуб (Астана, Тобыл, Ақтөбе, Тұран, Елімай, Атырау, Оқжетпес, Жетісу, Жеңіс, Қайсар, Ұлытау, Ордабасы, Қызыл-Жар) жергілікті атқарушы органдар тарапынан, ал қалған 1 клуб (Қайрат) өз қаражаты есебінен қаржыландырылады. Коммуналдық меншік нысандарын бәсекелестік ортаға беру ұсынылған ұйымдар тізіміне Ақтөбе, Қызылорда және Ақмола облыстарының футбол клубтары («Ақтөбе», «Қайсар», «Оқжетпес») енгізілген, — деп атап өтеді Туризм және спорт министрлігінен агенттіктің сауалына орай.

Сондай-ақ министрлік жергілікті атқарушы органдарға футбол клубтарын коммерцияландыру мәселесі бойынша алдын ала сұрау жіберілгенін атап өтеді. 

— Жергілікті органдармен бірлесіп, әлемдік тәжірибені ескере отырып, футбол клубтарын жекешелендіру бойынша кешенді жол картасы әзірленеді. Футбол клубтары академиялық базаны нығайту, жарнама мен трансляция, өнім сату арқылы табыс табуға ұмтылуы тиіс, — деді ведомстводан.

Айта кетейік, осы жылдың наурызында Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың 4-отырысында Мемлекет басшысы футбол клубтары облыстық бюджеттерге ғана арқа сүйемей, шетелдердегі секілді өздері де табыс табуды үйренуі керектігін айтқан еді. 

— Сондықтан мен кәсіпкерлерді клубтық футболға бизнес ретінде қарауға шақырамын. Футбол клубтары жекеменшікке өтпей, іс алға баспайды. Бұл — әлемдік тәжірибе. Клубтар жекеменшік болса, шетел спортшыларын шақыру құқығына ие болады, — деген болатын Президент.

Бұған дейін еліміздің қай өңірінде жаңа стадион салынып, ескілері жаңартылатыны айтылды.