Футбол: Қостанайдың «Тобыл» командасы 2010 жылғы Қазақстан чемпионы атанды

АСТАНА. 8 қараша. ҚазАқпарат - Қостанайдың «Тобыл» командасы футболдан 2010 жылғы Қазақстан чемпионы атанды. 2009/2010 жылғы маусымдағы ел біріншілігінің жеңімпазы 6 қарашада өткен 32-турда анықталды.

Соңғы турға дейін «Тобыл» мен «Ақтөбе» командаларының арасын 1 ұпай бөліп тұрған-ды. Ақырғы ойында «Тобыл» сырт алаңда «Атырауды «2:0 есебімен жеңді, сөйтіп 64 ұпай жинап, өз тарихында тұңғыш рет Қазақстанның ең мықты командасы атанды. Айта кетейік, бұған дейін қостанайлықтар ел біріншілігінің 3 мәрте күміс, 4 мәрте қола жүлдегері, 2007 жылы Қазақстан кубогының жеңімпазы атанған болатын.

Өткен маусымдағы ел чемпионы - «Ақтөбе» 63 ұпаймен күміс жүлдегені місе тұтты. Олар соңғы турда сырт алаңда Қарағандының «Шахтер» командасын 1:0 есебімен жеңді. Павлодардың «Ертісі» қола жүлдені қанжығасына байлады.

11-інші және 12-нші орындарды өзара бөліскен Оралдың «Ақжайығы» мен Көкшетаудың «Оқжетпесі» Премьер-лигамен қош айтысты. «Тобыл» шабуылшысы Ұлықбек Бақаев 16 доппен чемпионаттың үздік сұрмергені атанды. Өскеменнің «Восток» және Қызылорданың «Қайсар» командалары бірінші лигадан Премьер-лигаға жолдама алды.