Футбол: ҚР Чемпионатында «Ақтөбе» көштен ұзап барады

АСТАНА. 30 маусым. ҚазАқпарат - Футболдан Қазақстан чемпионатының 17 турында «Ақтөбе» сырт алаңда «Атырауды» 2:0 есебімен ұтып, көш тізгінін нығарлай түсті. Бұл туралы «Аламан» хабарлады.

«Астана» мен «Ертіс» бір бір голмен алмасып, тең тарқасса, «Қайрат» пен «Ордабасы» арасындағы ойында есеп ашылмады. Арно Пайперс баптайтын «Тараз» өз алаңында «Шахтерді» ұтып кетті - 2:1.

«Жетісу» өз алаңында «Ақжайық» қақпасына бес гол тоғытса, батыстықтар бар болғаны бір голмен жауап қайырды.

«Тобыл» Қостанайда «Востокты» 3:0 есебімен жеңді.

Көш басында «Ақтөбе» - 40 ұпай, екінші орындағы «Астананың» 7 ұпайы кем. Үшінші орынға 24 ұпаймен «Қайрат» жайғасты. «Ордабасы» мен «Шахтердің» еншісінде де 24 ұпайдан бар.