НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ағылшындық «Манчестер Юнайтед» және Португалия құрамасының шабуылшысы Криштиану Роналду гол саны жөнінен әлемдік рекордты жаңартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Португалиялық ойыншы Англия премьер-лигасының 29-турында «Тоттенхэм Хотспур» клубымен матчта хет-триктің авторы атанып, командасына жеңіс әперді (3:2). Осылайша Роналду клубтар мен ел құрамасы сапында соққан гол санын 807-ге жеткізді.
Бұған дейін аустриялық және чехословакиялық форвард Йозеф Бицанның еншісінде 805 гол болған еді. Сонымен қатар Чехия футбол қауымдастығы Бицан ресми кездесулерде 821 гол соққан деген деректі де келтіреді.
К.Роналду футболдағы жолын Португалияның «Спортингінде» бастап, «Манчестер Юнайтед», «Реал», «Ювентус» клубтарында ойнап, бес мәрте Чемпиондар лигасының жеңімпазы атанды. Өткен жылдың жазында «Ювентустан» оны «Манчестер Юнайтед» 15 млн еуроға қайта сатып алды. Содан бері Англия чемпионатында 37 жастағы шабуылшы 24 матчта 12 гол соғып, 3 нәтижелі пас берді. Роналдудың ағылшын клубымен келісімшарты 2023 жылы аяқталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан құрамасының кеңейтілген құрамы жарияланғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).