НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Португалиялық сұрмерген Криштиану Роналду 110-добын соғып, құрамалар тарихындағы рекордтық көрсеткішке қол жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу сайысында Португалия құрамасы өз алаңында Ирландияны қабылдады.
Алдымен 45-минутта ирландиялық Джон Эган есеп ашқанымен, матч соңында К.Роналду мықтылығын танытты. Ол 89-минутта таразы басын теңестіріп, өзінің құрама сапындағы 110-голын соқты. Осылайша Роналду өз спорттық жолында қарсыластар қақпасына 109 доп енгізген ирандық шабуылшы Али Даеидің көрсеткішінен асып түсті.
Ал 96-минутта Роналду тағы бір голдың авторы атанып, командасына жеңіс әперді. Бірінші таймда 15-минутта оның тепкен 11 метрлік айып добын ирландиялық қақпашы Гэвин Базуну қайтарған болатын.
Португалия құрамасы А тобында 10 ұпаймен бірінші орында келеді.
Бұдан бұрын К.Роналду Италияның «Ювентус» командасынан ағылшынның «Манчестер Юнайтед» клубына қайта оралған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан құрамасының Украинамен тағы да теңескенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).