ОРАЛ. ҚазАқпарат - Футболдан бірінші лига командалары арасында ел біріншілігі мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Чемпионат қорытындысы бойынша Петропавлдың «Қызылжары» мен Ақтаудың «Каспийі» премьер-лигаға жолдама алды.
Соңғы турда «Қызылжар» өз алаңында «Байқоңырды» 6:0 есебімен ойсырата ұтып, 58 ұпаймен бірінші орынға ие болды. Сырт алаңда «Шахтер-Болатты» 3:0 есебімен тізерлеткен «Каспий» 56 ұпаймен екінші орынға шықты.
Оралдың «Ақжайығы» П.Атоян атындағы стадионда «Астана М» командасын қабылдап, 5:1 есебімен жеңіске жетті. Мұнда алаң иелерінен бразилиялық легионер Мелло Джакомо қос голдың авторы атанса, Ерболат Рүстемов, Максим Литвинов және Владимир Покатилов бір-бір доптан соқты.
Шығысқазақстандық «Алтайдың» Екібастұзда жергілікті клубпен тең ойнауы «Ақжайыққа» 55 ұпаймен үздік үштікті түйіндеуге мүмкіндік берді.
Енді оралдық маман Артур Авакянцтың шәкірттері 15 және 18 қараша күндері премьер-лигада оныншы орын алған командамен тағы бір жолдаманы сарапқа салады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).