НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Пари Сен-Жермен» клубының, сондай-ақ Аргентина құрамасының шабуылшысы Лионель Месси коронавирус жұқтырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталмыш клубтың ресми сайтынан мәлім болғанындай, COVID-19-ға тапсырған төрт ойыншыдан вирус анықталды.
Л.Мессиге қоса Хуан Бернат, Серхио Рико және Натан Битюмазаладан коронавирус табылған. Олардың бәрі де оқшаулануға жіберілді.
«ПСЖ» шабуылшысы, бразилиялық Неймар өз Отанында қалпына келу үстінде. Ол үш аптадан кейін жаттығуға кіріседі делініп отыр.
«Пари Сен-Жермен» Франция чемпионатында 19 кездесуден кейін 46 ұпай жинап, турнир кестесінде көш бастап келеді. Өткен жылы «Лилль» чемпион атанғаны белгілі. Алайда ол небәрі 28 ұпаймен сегізінші орында келеді.
Келесі турда «ПСЖ» сырт айдында 9 қаңтар күні «Лион» командасымен ойнайды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).