Футбол матчы кезінде жанкүйердің қолындағы граната жарылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Македонияда футбол чемпионатының бірінші турының «Пелистер» және «Вардар» клубтарының арасындағы матч кезінде жарық-шулы граната жарылған.

Ойын 3 тамыз күні болған. Доданың соңғы минуттарында «Вардар» клбуының жанкүйерлері мен полицейлердің арасында қақтығыс орын алған. Дүрбелең кезінде полиция қызметкерлерінің бірі қолынан жарық-шулы гранатаны түсіріп алған. Снарядты жанкүйерлердің бірі қолына алған сәтте ол жарылып кеткен. Салдарынан жанкүйер қолынан айырылды. Сондай-ақ оның жанында болған бірнеше адам да жарақаттанған. Оқиғаның себеп-салдарын Македонияның ішкі істер министрілігі тексермек. Матчта «Вардар» командасы 1:0 есебімен жеңіске жеткенімен, оның өкілі «жанкүйерлеріміз зардап шегіп жатса, ондай жеңістің еш мәні жоқ» екенін жеткізген, деп жазады 101greatgoals.com.