Футбол мерекесі - елордада

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорда күнін мерекелеу аясында Қ. Мұңайтпасов атындағы стадионда футбол фестивалі ашылды, деп хабарлады қала әкімінің ресми сайты

Алғашқы жарыс күні Мектеп лигасының ақтық жарыстары өтті. 2003-2004 ж.т. балалар арасында №3 мектеп-гимназиясының оқушылары, ал 2005-2006 ж.т. арасында №60 мектеп-лицейінің командасы жеңіске жетті.

Сонымен қатар, қыздар арасында №4 мектеп-гимназиясы топ жарды. Бүгін мереке жалғасын табады. Алаңда мемлекеттік құрылымдардың қызметкерлері шеберлік байқасады.

Шағын футболдан өтетін турнирге министрліктер мен елордалық басқармалардан мемлекеттік қызметшілердің 23 командасы қатысады. Ойыншылар алты топқа бөлінді, жарыс екі кезеңмен өтеді - топтық және финалдық.

-  Апта бойы жұмыс істегеннен кейін демалыс күндері алаңға шығып ойнау қажет. Осындай турнирлерді жиірек өткізу керек. Сонда мемлекеттік қызметшілердің көңіл күйі жақсарады. Меніңше, кез келген ұйымда спортқа көңіл бөлінуі керек, - деді Астана қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкері Әділ Шанабаев.

Айта кетейік, фестиваль аясында Астана қаласы кубогының финалы өтті. Жыл сайынғы турнир 16 жылдан бері өткізіліп келеді. Алаңда елорда біріншілігіне қатысқан «Зенит» және «Школьник» командалары кездесті.

Бүгін Астана мен Ақмола облысының балалар үйлерінің тәрбиеленушілері өзара күш сынасады. Жарысқа 7 команда қатысады деп күтілуде. Олар да екі топқа бөлініп ойнайды.  

-  Қала күнін мерекелеу аясында азаматтардың барлық санатын қамтуға тырысамыз. Осылайша, Астана Кубогы финалында әуесқойлардан кәсіпқой санатына өтетін балалар ойнады. Жарысқа ойыншылар тартылды, жалпы, Мектеп лигасына қаланың жалпы білім беретін мектептерінен 85 команда қатысты. Шараға балалар үйінің де тәрбиеленушілері қатысып жатыр. Мемлекеттік қызметшілер де бар. Шара осындай форматта алғаш рет өткізіліп жатыр, - деді Астана қаласы Футбол федерациясының менеджері Ғалымжан Кенжалинов.