АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан футбол федерациясында бапкерлер кеңесінің шешімімен белгілі қазақстандық маман Ойрат Сәдуов 19 жасқа дейінгі Қазақстан жастар құрамасының бас жаттықтырушысы болып тағайындалды.
Қазақстан футбол федерациясынан түскен мәліметке қарағанда, Ойрат Сәдуов кезінде Павлодардың «Ертісі» мен Қарағандының «Шахтері» құрамында ойнаған. кейін Қазақстан жастар құрамасын, «Ертіс», Өскеменнің «Востогы», «Тараз»,«Астана-1964» командаларын жаттықтырды. О.Сәдуов 19 жасқа дейінгі ел құрамасының негізін құрайтын Астананың «Бәйтерегін» қоса баптайтын болады.
Қазақстан футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапановтың атап өткеніндей, Ойрат Батайұлы - өте тәжірибелі де білікті бапкер. «Біз оған үлкен міндет жүктейміз. Қазақстан жастар құрамасы биыл Еуропа чемпионатының іріктеу ойындарына қатысады. Қазақстан Хорватия, Венгрия, Черногория командаларымен бір топта ойнайды. Біз осы топта екінші орынды иеленуді межелеп отырмыз», деді Е.Қожағапанов.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).