ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда дарынды жастардың өсіп келе жатқаны қуантады. Түркияда екінші оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан «Ақжайықтың» бас бапкері, украиналық маман Сергей Зайцев осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Гомель» (Беларусь) командасымен өткен жолдастық кездесуден кейін пікірін білдірген маман жастардың жақсы ойын өрнегін көрсеткеніне тоқталды.
«Жастар бұрын Қазақстан біріншілігінің екінші лигасында ойнаса, бүгін Беларусьтің премьер-лигасында өнер көрсететін клубқа қарсы тұрды. Соған қарамастан, көбірек қорғанғанымен, керек кезінде шабуылға шығып отырды. Ойын соңында бір жарым минутта «Ақжайықтың» қақпасына соғылған екі гол матч тағдырын шешіп кетті.Дегенмен оралдық жастар тынбай жаттыға берсе, шеберліктерінің арта түсетінін көрсетті», деді С.Зайцев.
Енді «Ақжайықтың»Түркияда бір ғана кездесуі қалды. 6 наурыз күні «Днепр» (Украина) клубымен жасыл алаңға шығады. Содан кейін команда құрамын толық нақтылап, Оралға қайтады.
Еске сала кетейік, премьер-лигаға қайта оралуды көздеп отырған «Ақжайықтың» македониялық клубпен тең түскенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).