ЖЕЗҚАЗҒАН. KAZINFORM — Футболдан бірінші лига командалары арасында ел чемпионатының екінші турында «Ұлытау» өз алаңында Оралдың «Ақжайығын» қабылдады. Бірінші турда Қуаныш Қарақұлов жаттықтыратын оралдықтар өз алаңында күтпеген жерден «Екібастазға» 0:1 есебімен есе жіберген еді.
Бұл жолы матч тағдыры екінші таймда шешілді. Алдымен 54-минутта «Ақжайықтан» Роман Чирков есеп ашты. Дегенмен Бауыржан Тұрысбек 69-минутта таразы басын теңестірді. 81- минутта Әділжан Нұрбай соққан гол «Ақжайыққа» үш ұпай сыйлады – 2:1.
Осылайша, «Ақжайық» алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Батысқазақстандық клуб 3-турда 19 сәуірде Оралда Ақтаудың «Каспийін» қабылдайды.
«Каспий» екінші турда Ақтауда «Алтайды» 4:1 есебімен ойсырата ұтты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қуаныш Қарақұловтың «Ақжайық» футбол командасының бас бапкері болғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).