Футбол: Оралдың «Ақжайығы» бесінші рет қатарынан жеңіске қол жеткізді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Футболдан ел біріншілігінің 7-12-інші орындар үшін өтіп жатқан ойындарды Оралдың «Ақжайығы» әзірге өте сәтті өткізуде.

Sports.kz сайтынан алынған мәліметке қарағанда, кезекті турда оралдықтар Атырауда жергілікті команданы 2:1 есебімен тізе бүктірді. Бірінші таймда алаң иелерінен румыниялық жартылай қорғаушы Александру-Паул Куртеян қонақтардың қателігін сәтті пайдаланып, есеп ашты.

Матчтың екінші кезеңінде «Ақжайық» құрамындағы украиналық шабуылшы Константин Дудченко қос доптың авторы атанып, өз командасына жеңіс әперді. Алдымен ол 61-минутта «Атыраудың» қақпашысы Жасур Нарзикуловтың сәтсіз қайтарған добынан кейін таразы басын теңестірді. Ал 78-минутта парагвайлық легионер Фредди Коронель Ортиздің дәл пасынан соң қақпашымен жекедара шыққан К.Дудченко өз мүмкіндігін қалт жіберген жоқ.

Кездесуден кейінгі баспасөз мәслихатында оралдықтардың бас бапкері Вахид Масудов бірінші таймда үш-төрт мүмкіндікті пайдаланбай, қорғаныста қателікке бой алдырған шәкірттері екінші кезеңде белсенді ойнап, шешуші сәттерде шеберлік таныта білгендігін атап көрсетті.

Сөйтіп «Ақжайық» осымен қатарынан бесінші жеңісіне қол жеткізіп, қазіргі таңда 26 ұпаймен «Тараздың» (25 ұпай) алдына түсіп, 11-інші орынға көтерілді. 27 ұпайлары бар «Жетісу» мен «Шахтерге» де құйрық тістесіп қалды. Дегенмен тараздықтар бүгін Қостанайда «Тобылмен» шеберлік байқасады. Сондай-ақ Талдықорғанда «Жетісу» Қарағандының «Шахтерін», ал Ақтөбеде жергілікті команда ел чемпионы «Астананы» қабылдайды. Кеше өз алаңында Павлодардың «Ертісін» 2:1 есебімен тізе бүктірген Алматының «Қайраты» 58 ұпаймен көш басындағы, екі ойыны кем астаналықтарға (59 ұпай) жақындай түсті. Ал Шымкентте Көкшетаудың «Оқжетпесін» 1:0 есебімен қапы қалдырған «Ордабасы» 43 ұпаймен турнир кестесінде үшінші орынға шықты.

Айта кетейік, «Ақжайық» келесі ойынын 24 қыркүйек күні өз алаңында «Шахтермен» өткізеді.