Футбол: Оралдың «Ақжайығы» «Қайсармен» тең ойнады

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан премьер-лига командалары арасында ел біріншілігінің 32-турында Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында Қызылорданың «Қайсарын» қабылдап, 0:0 есебімен тең түсті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Кездесу басталысымен қонақтар ойын тізгінін қолға алып, біраз шабуылдады. Әсіресе, Тоқтар Жаңғылышбайдың қауіпті  соққысын «Ақжайықтың» қақпашысы Вячеслав Котляр тойтара білді. Алаң иелері де қарап қалған жоқ. Бірінші тайм соңында батысқазақстандықтар қатты тықсырды. Осындай қарбалас сәтте нигериялық қорғаушы Майкл Одибенің бағыттаған добы  қақпа маңдайшасынан кері қайтты.

Екінші таймда қос команданың да мүмкіндіктері болғанмен, ақыры есеп ашылған жоқ. Осылайша, «Ақжайық» 30 ұпаймен оныншы орынға тұрақтады. Вахид Масудовтың шәкірттеріне атыраулықтар көмектесті деп айтуға болады.

«Атырау» өз алаңында «Таразды» 3:2 есебімен ұтса, төртінші орын үшін таласқа түскен Павлодардың «Ертісі» Көкшетаудың «Оқжетпесін» 2:1 есебімен тізе бүктірді. Осылайша, соңғы турдың нәтижесіне қарамастан, бірінші лигаға түсіп қалған қос команда белгілі болды. Олар - «Тараз» бен «Оқжетпес». «Тараздың» есебінде 26, «Оқжетпесте» 24 ұпай ғана бар. Ал «Ақжайық» тоғызыншы орындағы «Ақтөбені» қуып жетсе де, доп айырмасы жағынан оның алдына шыға алмайды. Яғни оралдықтар премьер-лигада қалу үшін бірінші топта үшінші орын алған командамен қосымша матч өткізеді.

Айта кетейік, бұл турда «Астана» өз алаңында Алматының «Қайратына» 0:2 есебімен жол берді. Сөйтіп астаналықтар мен алматылықтардың арасын бір ғана ұпай бөліп тұр. Бұл - чемпиондық мәселе 5 қараша күні шешіледі деген сөз. Ол, әсіресе, астаналықтарға оңай соқпайтын түрі бар. Өйткені «Астана»  2 қараша күні Еуропа лигасы ойынында сырт алаңда «Маккаби Тель-Авив» командасымен кездеседі. Содан кейін елге оралатын астаналықтар 5 қараша күні өз алаңында «Ақжайықпен» шеберлік байқасады. Ал «Қайрат» Алматыда «Ақтөбені» қабылдайды.