ОРАЛ. ҚазАқпарат - Футболдан премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінде Оралдың «Ақжайығы» өз алаңындағы алғашқы кездесуін Ақсай қаласында өткізеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
«Ақжайық» футбол клубының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 31 наурыз күні Павлодардың «Ертісімен» болатын ойын өткен жылы ашылған жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің жасанды алаңында өтеді. Мұнда матчты 1200 көрермен тамашалай алады.
Айта кетейік, павлодарлықтар алғашқы екі турда «Атырау» мен «Ақтөбені» өз алаңында 2:1 есебімен ұтқаннан кейін 6 ұпаймен «Ордабасымен» (Шымкент) үшінші-төртінші орындарды бөлісуде. Ал кеше Қызылордада «Қайсармен» тең ойнаған оралдықтар тоғызыншы орында келеді.
Өткен жылы қос команда үш рет кездесіп, соның екеуінде «Ертіс» басым түсіп, біреуін сырт алаңда «Ақжайық» ұтқан.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).