ОРАЛ. ҚазАқпарат - Түркияда екінші оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан «Ақжайық» жолдастық матчта Павлодардың «Ертісімен» алаңға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өткен жылғы маусымда павлодарлықтар оныншы орынға ие болып, премьер-лигадағы орнын сақтаса, оралдықтар бірінші лигаға түсіп қалған-ды.
Бұл кездесуде «Ақжайықтың» жас ойыншысы Әділет Болатовтың соққан әдемі голы матч тағдырын шешті - 1:0.
Оралдықтардың бас бапкері, украиналық маман Сергей Зайцевтің айтуынша, гол соғатын мүмкіндіктер аз болған жоқ.
«Кездесу нәтижесі қуантады. Біздің мақсат - жаттығу барысында жасаған комбинацияларды жүзеге асыра білу. Ең бастысы, алға жылжу бар. Әсіресе, жас футболшылар жақсы қырынан көрсетті. Бұл бағытымыздың дұрыс екендігін көрсетеді. Ойындағы аздаған олқылықты жойсақ, жаңа маусымға толық дайын боламыз», деді С.Зайцев.
Жиын барысында «Ақжайық» әлі де бірнеше жолдастық бәсеке өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын оралдық клубқа жаңадан екі ойыншы алынғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).