Футбол: Оралдың «Ақжайығы» соңғы орынға түсіп қалды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Футболдан премьер-лига командалары арасында ел чемпионатының ХІХ турынан кейін Оралдың «Ақжайығы» соңғы орынға түсіп қалды.

Жексенбі күні Ақтөбеде жергілікті командамен өткен кездесуде оралдықтар терезесі тең ойын өрнегін көрсеткенімен, алаң иелеріне 0:1 есебімен есе жіберді. Матч соңына таман, 85-минутта ақтөбеліктердің кезекті шабуылы кезінде ресейлік легионер Никита Бочаров айып алаңына кірместен, Нұрболат Қалменов қорғаған қақпаны дәл көздеді. «Ақжайық» футболшыларының да доп соғатындай мүмкіндіктері болғанымен, оны пайдалана алмады. Мұны ойыннан кейінгі баспасөз мәслихатында команданың бас бапкері міндетін уақытша атқарушы Артур Авакянц та атап өтті. Бас бапкер демекші, Талғат Байсуфинов Қазақстан ұлттық құрамасын тізгінін ұстағаннан кейін БАҚ беттерінде «Ақжайыққа» белгілі қазақстандық жаттықтырушы Владимир Никитенконың келетіні айтылуда. Осыған дейін көптеген клубтың тізгінін ұстаған, соның ішінде «Ақтөбе» мен «Атырауды» жаттықтырып, одан абыроймен кете қоймаған В.Никитенко «Ақжайықты» ұшпаққа шығара ала ма, оны уақыт көрсетеді.

Сөйтіп төрт мәрте қатарынан жеңіліс тапқан оралдықтар соңғы, 12-інші орынға түсіп қалды. Сенбі күні Қарағандыда «Шахтерді» 1:0 есебімен тізе бүктірген «Тараз» командасы 13 ұпаймен он бірінші орынға көтерілді.

Оралдықтар келесі кездесуін өз алаңында 8 шілде күні көш басында келе жатқан «Астана» командасымен өткізеді.